Мұхтар ӘУЕЗОВ: КӨКСЕРЕК

Мұхтар ӘУЕЗОВ:

КӨКСЕРЕК

Қара адырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан.
Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі келеді.
Ұзын кең өлкені қаптай басқан қарағанның ортасында терең, құр жар бар. Соның бас жағында итмұрынды қалың жыныстың арасында қасқыр іні бар. Жақын елге мәлім ескі ін. Жазға салымнан бері соны екі қасқыр келіп мекен етті. Бұрын итмұрын жанындағы кішкентай аланда кеңдігі кісі сыйғандай үш үлкен ін болатын. Биыл жас топырағы жағасында дөңкиіп, тағы бір жаңа ін шыққан. Бәрінің ауданы бір, жер астынан қатынасы бар.
Маңайы қасқырдың ойнағы. Жас шөптер басылып, тапталып қалған. Жақындағы қарағандарда қасқырдың ақ жүндері көрінеді. Қыстан қалған түбіті кәзір де әр жерде сөйтіп жүлынып қалып жүр. Індердің орта жерінде екі қалың сасыр шайқалып өсіпті. Қазір соның түбінде қысқы жүні әбден түлеп болмаған ақ қасқыр жатыр. Баурында кішкентай көк күшіктері қыбырлайды. Жарқыраған қызулы күн бойын ерітеді. Көзі бір сығырайып ашылып, бір жұмылып қалғуға кетеді. Иіген емшектері жыбыр-жыбыр тартылады. Төбесінде сасыр шайқалып ырғалады. Маңайдағы қараған мен итмұрын бастары қозғалактайды.

Ardını oxu
1399.5.15
Bölüm : Hekayə,